Қазақтың ұлттық шапаны енді әлемге әйгілі бокс музейінде қойылады. Аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тағы Халықаралық бокс даңқы залына қабылданып, тарихи жетістікке қол жеткізді.


АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанды. Ол – мұндай құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әрі Орталық Азиядағы жалғыз боксшы. GGG бұл күнді спорттық ғұмырындағы ең маңызды сәттердің бірі деп бағалады. Осыған орай Мемлекет басшысы даңқты спортшыны арнайы құттықтап, оның жетістігі ел спортының мерейін өсірген тарихи оқиға екенін атап өтті. Салтанатты рәсімде Головкин жекпе-жектерге киіп шыққан әйгілі ұлттық шапанын Халықаралық бокс даңқы залы музейіне табыстады. Енді Нью-Йоркке келетін туристер мен бокс жанкүйерлері қазақтың оюлы шапанын әлемдік спорт тарихының бір бөлшегі ретінде тамашалай алады. Ұлттық нақыштағы бұл шапан кезінде шымкенттік кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбековтің сыйы болған.