Мемлекеттік рәміздер мен наградалар - ел беделінің айнасы. Енді олардың мәртебесін қорғау бағытында жаңа шектеулер енгізіліп отыр. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде қоғамдық наградалармен немесе түрлі атақтармен марапаттау рәсімдерін өткізуге тыйым салынады.
Бұл мәселе қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлік субъектілері арасында мемлекеттік наградалар мен рәміздердің заңды қолданылуын түсіндіруге арналған жиында талқыланды. Онда қолданыстағы заңнама талаптары және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер кеңінен қаралды. Жаңа талаптарға сәйкес, қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік наградаларға сыртқы келбеті немесе атауы жағынан ұқсас ордендер, медальдар мен төсбелгілерді тағайындауға және дайындауға тыйым салынады. Сондай-ақ, мемлекеттік емес марапаттарды Қазақстан Республикасы, халық немесе Мемлекет басшысы атынан табыстауға жол берілмейді. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар мемлекеттік наградалардың беделін сақтау және олардың коммерциялануына жол бермеу мақсатында қабылданып отыр. Заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.