Шымкент пен Баку арасын жалғайтын тікелей әуе рейсі ашылды. Жаңа бағыттың алғашқы жолаушылары қатарында әзербайжандық туроператорлар, БАҚ өкілдері мен танымал блогерлер бар. Екі ел арасындағы туристік байланысқа тың серпін беретін рейстің мүмкіндігі қандай? Толығырақ алдағы сюжетте.
Шымкент халықаралық әуежайында Бакуден келген алғашқы рейс салтанатты түрде қарсы алынды. Арнайы делегация құрамында туристік компания өкілдері, журналистер мен блогерлер бар. Қонақтарға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіліп, жаңа әуе бағытының маңызы таныстырылды. Салтанатты рәсім барысында «SCAT» әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов жаңа рейс екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, туристік ағынның артуына ықпал ететінін атап өтті.
ВЛАДИМИР ДЕНИСОВ, «SCAT» ӘУЕКОМПАНИЯСЫ АҚ-НЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Мен сіздердің біздің терминалда көргеніме өте қуаныштымын. Біздің екі ірі қала арасындағы байланыстан ынтымақты, жемісті нәтиже күтеміз. Әуе рейісінің басты мақсаты туризм бағытына жақсы әсер етеді деп сенемін.
Делегация мүшелері алдағы бірнеше күнде Шымкенттің тарихи-мәдени орындарын аралап, қаланың туристік әлеуетімен жақынырақ танысады. Сондай-ақ өңірдегі демалыс және мәдени нысандарды бағамдайды.
ДЖАМИЛЬ МАНИЗАДЕ, AZAL ӘУЕКОМПАНИЯСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
Мен осы рейсте жолаушылар легі арта түсетініне сенімдімін. Жылдан жылға өсе береді деген ойдамын. Жаңа бағыт екі ел арасындағы ынтымақты арттыра түсетін болады.
Мамандардың айтуынша, жаңа бағыт тек туристер үшін ғана емес, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға да мүмкіндік береді. Болашақта рейске сұраныс артып, жолаушылар саны көбейеді деген болжам бар. Әзербайжаннан келген блогерлердің басым бөлігі Шымкентке алғаш рет табан тіреп отыр. Олар мегаполистің тыныс-тіршілігімен танысып, алған әсерлерін әлеуметтік желілерде бөліспек.
ХАЛИЛЗАДА АЙДАН, БЛОГЕР
Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Шымкент жайлы ақпарат көздерінен танығаным бұл елдегі үшінші ірі мегаполис. Негізінде қос мемлекеттің дәстүр салты мәдениеті ұқсас. Сондықтан өзіміздің елдегідей саяхаттың әр сәтінен жақсы әсер аламыз деген ойдамыз. 5 күн бойы шаһарды аралайтын боламыз. Өте қуаныштымын.
Алғашқы рейспен келген қонақтар үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысын қамтитын арнайы туристік бағдарлама әзірленген. Төрт күндік сапар барысында тарихи ескерткіштер, көрікті жерлер мен заманауи демалыс нысандары таныстырылады.
АЗАМАТ НҰРЫМБЕТОВ, ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер 14 елдің 21 қаласына рейстар қатынайды. Шымкегнт қаласы тарнс логистикалық хапта болып есептелінеді.
Инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан Шымкент туристер үшін қолайлы қала саналады. Заманауи қонақ үйлер, түрлі форматтағы демалыс орындары, ұлттық тағам ұсынатын мейрамханалар мен тарихи-мәдени нысандардың молдығы шаһардың туристік тартымдылығын арттыра түсуде. Ал Шымкент – Баку бағытындағы жаңа рейс осы мүмкіндіктерді әлемге кеңінен танытуға жол ашпақ.