Шымкенттік дәрігерлер медицинадағы күрделі белестердің бірін бағындырды. Мамандар сирек жасалатын жоғары технологиялық ота өткізіп, науқастың ұйқы безіндегі қатерлі ісікті ашық операциясыз алып тастады. Ерекшелігі – хирургиялық араласу лапароскопиялық әдіспен, яғни шағын тіліктер арқылы жасалған.


Ұйқы безі – адам ағзасындағы ең күрделі әрі қолжетімі қиын мүшелердің бірі. Ол асқазан мен ішектің артқы жағында терең орналасқандықтан, мұндай операциялар аса жоғары дәлдікті, мол тәжірибені және заманауи технологияны қажет етеді. Шымкент қалалық онкологиялық орталығында жыл сайын екі мыңнан астам ота жасалады. Дегенмен ұйқы безінің қатерлі ісігін лапароскопиялық әдіспен алып тастау тәжірибесі мұнда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Күрделі операцияны жергілікті дәрігерлер елордалық мамандармен бірлесіп жүргізген. Бұл өңірлік медицинаның мүмкіндігі артып, жоғары технологиялық көмектің қолжетімді бола түскенін көрсетеді.