Қазақстан теміржол саласы жаңа кезеңге қадам басты. Алдағы жылдары пойыз қозғалысын басқарудан бастап жүк тасымалын үйлестіруге дейінгі жұмыстарға жасанды интеллект тартылмақ. Цифрлық технологиялардың көмегімен транзиттік әлеует артып, теміржол жүйесі бұрынғыдан да тиімді әрі қауіпсіз бола түспек.
Еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Қазір бұл көрсеткіш 33 миллион тоннаны құраса, 2030 жылға қарай 67 миллион тоннаға, ал 2040 жылы 100 миллион тоннаға жетеді деген жоспар бар. Соңғы бес жылда транзит көлемі бір жарым есеге өскен. Бүгінде халықаралық бағыттарда жеті логистикалық терминал жұмыс істеп тұр, тағы жеті нысанның құрылысы жалғасуда. Бұл жобалар Қазақстанның «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәліздеріндегі рөлін күшейте түседі. Сонымен қатар салада ауқымды цифрлық жаңғыру қолға алынған. Бірыңғай деректер қоры жасақталып, «Smart Rail» платформасы іске қосылады. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект пойыз қозғалысын тиімді жоспарлап, шығынды азайтуға және қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ
Қазіргі таңда теміржол саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Саланың барлық негізгі объектілері бойынша деректерді біріктіретін Data Lake жүйесі қалыптастырылуда. Алдағы уақытта Smart Rail платформасын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жасанды интеллект пен заманауи аналитика құралдарын пайдалану арқылы басқару тиімділігін арттырып, шығындарды қысқартуға және қауіпсіздікті күшейтуге жол ашады.