Алаяқтардың айласы күн сайын түрленіп, көбіне аға буын өкілдері соның құрбанына айналып отыр. Қаржысынан айырылған тұрғындар полицияға жүздеп шағым түсіруде. Осыған байланысты құқық қорғау органдары зейнеткерлерге цифрлық қауіпсіздік бойынша арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қауіптің алдын алу жолдары қандай? Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.
Шолпан Мәуленқызына алаяқтар хабарласып, телефонға келген бір реттік кодты айтуды сұраған. Алайда жағдайды дер кезінде байқаған жақындары араласып, қаржының ұрлануына жол бермеген.
ШОЛПАН МӘУЛЕНҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР
«Ештеңенің керегі жоқ маған. Хабарласпаңдар деп қойып қоямын телефонды. Көп хабарласады. 10 шақты рет хабарласты жақын арада. Полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізді.»
Түсіндіру шарасына 200-ге жуық зейнеткер қатысты. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары интернет алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін түсіндірді. Олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашып, өздерін таныс немесе лауазымды тұлға ретінде көрсетіп, ақша сұрайтынын ескертті. Мамандар мұндай хабарламаларға сенбеуге, тіпті таныс адамның атынан келсе де міндетті түрде қайта қоңырау шалып тексеруге шақырды.
АРУЖАН ӘЛЖАН, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
«Зейнеткерлер көбіне көмек сұрау мақсатында бөгде адамға жеке мәліметтерін беріп жатады. Цфрлық қауіпсіздікті түсіндірдік. Интернет алаяақтарға алданбау жолдарын айттық.»
Мамандардың айтуынша, SMS-кодтар, банк картасының деректері, құпиясөздер және өзге де жеке ақпарат ешкімге берілмеуі тиіс. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерді ашпау және белгісіз қосымшаларды жүктемеу – негізгі қауіпсіздік ережелерінің бірі.