Түркістандық жастар күш пен жігерді, тәртіп пен табандылықты бір алаңда көрсетті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен «TUR WORKOUT» турнирінде жүздеген қатысушы өз мүмкіндігін сынап, мықтылар қатарынан көрінуге тырысты. Жастарды салауатты өмір салтына үндейтін жарыс бұл жолы несімен ерекшеленді?


Соңғы жылдары дәстүрге айналған «TUR WORKOUT» турнирі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кезекті іріктеу кезеңіне 200-ден астам жас қатысып, түрлі спорттық сынақтарда бақ сынады. Қатысушылар арқан тартып, биіктікке секіріп, күш пен ептілікті талап ететін жаттығуларды орындады.


АРАЙЛЫМ РАЙЫМЖАН, ЕРІКТІ ЖАС
Бұл жерде арқан тартып жатыр, биіктікке секіріп жатыр. Жалпы жастарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік.


Турнирде жастардың дайындығы мен жеңіске деген жігері айқын байқалды. Тартысты бәсеке барысында үздіктер анықталып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастарды спортқа баулып қана қоймай, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.


МАДИЯР ӘЛІПОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мемлекет басшысының барлық бастамаларында осы жастарға бағытталған. біздің болашағымыз жастар. Олар тәрбиелі, білімді болып өссе, еліміздің ертеңі де жарқын болады.


Мамандардың пікірінше, спорт - тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Сондықтан жастар арасында мұндай жобаларды көбейту маңызды. Осыған байланысты «TUR WORKOUT» турнирін алдағы уақытта да тұрақты өткізу жоспарланып отыр.