Ажал айтып келмейді. Күн жылынғалы бері төтенше жағдайлар қызметінің жедел желісіне түсетін суық хабарлар жиіледі. Елімізде соңғы үш жылда 104 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап, ажал құшты. Тағы 600-ге жуық бүлдіршін түрлі жарақат алып, аурухана төсегіне таңылды. Мамандар қайғылы жайт ата-ананың салғырттығының салдарынан орын алатынын айтады. Қауіптің алдын-алу үшін бүгін Абай аудандық әкімдігі мен төтенше жағдайлар басқармасы бірігіп, арнайы рейд ұйымдастырды.
Жауапсыздықтың соңы – жазатайым жағдай. Арнайы рейд барысында жауапты сала мамандары тұрғындармен кездесіп, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіздік талаптары жазылған арнайы ақпараттық жадынамалар таратып, қарапайым сақтық шаралары қабырғаны қайыстыратын жайттардың алдын алуға сеп болатынын жеткізді.
ҚАЛМҰРАТ ЖҮНІС, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК БӨЛІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ
Іс-шараға аудан аумағында орналасқан тұрғындарға өрт қауіпсіздігін, балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, түсіндіру жұмысын жұргізудеміз.Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
2770-Кішкентай балалар айналаны танып-білуге құмар келеді. Қызық көрген олар терезе маңына қойылған орындыққа шығып, москит торына сүйенеді. Алайда қарапайым тор қорғаныс құралы емес, ол бала салмағын көтере алмайды. Ал бір сәттік бейқамдықтың соңы бүтін бір отбасының орны толмас қасіретіне ұласуы мүмкін.
Бір ғана сәттік салғырттық кейде бүтін бір отбасының тағдырын өзгертіп жатады. Сондықтан құтқарушылар қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Терезеге арнайы бекіткіш орнату – бұл мәселемен күресудің жалғыз жолы.
НҰРГЕЛДІ ДҮЙСЕН, АБАЙ АУДАНДЫҚ ТЖБ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ
Мұндай жайттардың алдын-алу үшін қауісіздік талаптарын сақтау маңызды.Ол үшін терезеге қорғаныс орнату керек.Баланы қараусыз қалдыруға болмайтынын да ескерген жөн.
Төтеншеліктердің айтуынша, терезеден құлап, мертігетіндер қатарында 2 мен 7 жас аралығындағы бүлдіршін көп. Сондықтан құтқару қызметінің мамандары балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Қауіпсіздік ережелерін тұрақты түсіндіріп, сақтық шараларын сақтау да артықтық етпейді.