Түркістанда еліміздің ең мықты ескек есушілері бас қосты. Халықаралық есу арнасында байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл жай ғана ел біріншілігі емес, Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын спортшыларды анықтайтын шешуші сын.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне спорт саласының өкілдері қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Биылғы додаға еліміздің 11 өңірінен 130-ға жуық спортшы келген. Алғашқы жарыс күнінде ескек есу шеберлері 1000 метр қашықтықта бақ сынады. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетовтің айтуынша, күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарында байдарка мен каноэде ескек есуден 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Алайда әр мемлекет тек 10 дисциплина бойынша ғана спортшыларын қоса алады. Оның үстіне Азия ойындарының бағдарламасында 1000 метрлік жарыстар қарастырылмаған. Сондықтан қысқа қашықтықтардағы бәсеке ерекше маңызға ие болмақ. Алдағы күндері чемпионат қыза түседі. Өйткені әр спортшы үшін бұл жарыс - ел намысын халықаралық аренада қорғауға берілетін мүмкіндік.