Қазақстан бидай импортына қатысты талаптарды қайта күшейтпек. Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынып, шетелден астық әкелу тәртібін қайта қарауды қолға алды.
Жобаға сәйкес, бидайды елімізге автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы импорттауға уақытша шектеу енгізу ұсынылып отыр. Талап тек алыс шетелден келетін өнімге ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен жеткізілетін астыққа да қатысты болмақ. Дегенмен барлық кәсіпорынға бірдей тыйым салынбайды. Жаңа тәртіп бойынша теміржол арқылы бидайды құс фабрикалары, ұн тарту кәсіпорындары, лицензиясы бар элеваторлар мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы импорттай алады. Мамандардың айтуынша, мұндай қадам ең алдымен отандық диқандарды қолдауға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Егер құжат күшіне енсе, астық нарығындағы ойын ережесі өзгеріп, импорт саясатына жаңа талаптар енгізіледі.