Есірткі саудасына қарсы күрес күшейді. Құзырлы органдар заңсыз айналымның жолын кесу үшін ауқымды операциялар жүргізіп жатыр. Нәтижесінде биылғы бес айдың өзінде ел бойынша 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталып, 1 жарым мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық топтар құрықталып, жасырын зертханалар жойылуда.


Арнайы операциялар барысында 6 ұйымдасқан және трансұлттық қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 12 жасырын зертхана мен 42 фитозертхана анықталып, жұмысы тоқтатылды. Заңсыз сауда интернет кеңістігінде де қыз-қыз қайнаған. Сондықтан тәртіп сақшылары 12 мыңға жуық онлайн-ресурсты бұғаттауға жіберген. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлескен жұмыс нәтижесінде есірткі саудасына қатысы болуы мүмкін 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылды. Бұдан бөлек, 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталып, 20 мың криптоәмиян тексеруден өткен. Құзырлы органдар халықаралық серіктестермен бірлесіп, трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күресті одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді.