Шымкентте нағыз білек сынасар сәт! Көнеден жеткен алыш белбеу күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионаты жалауын желбіретті. Ел біріншілігіне еліміздің 14 өңірінен жиналған 100-ден астам кіл мықты, сен тұр, мен атайын деген кілем шеберлері келді. Қазір, боз кілемде от болып жанып, 12 салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені сарапқа салып жатыр. Кімнің бағы жанып, кімнің бабы келіседі? 


Чемпионат белбеу күресін дамытуға және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жарыс қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашпақ. 


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Құрметті спортшылар, қазақ даласының 14 өңірінен 100-ден аса қатысушы келіп отыр.» 


Шапшаңдық пен ептілікті талап ететін бұл спорт түріне қызығатын жастардың қатары көбейіп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алыш белбеу күресі арқылы ұлттық құндылықтар мен рухани мұра кеңінен насихатталып жатыр. 


СЕКЕН ҚАЛИЕВ, БЕЛБЕУ КҮРЕСІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ

«Бұл жарыс белбеу спортын дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.» 


Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – ұлттық құрамаға іріктеу жүргізіліп жатқанында. Жарыста топ жарған балуандар алдағы халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын болады.