Қала күні мерекесі қарсаңында Шымкентте мәдени іс-шаралар легі басталды. Мерекелік бағдарламаның шымылдығын қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлаған «Саз тербеген Шымкент» шығармашылық концерті түрді. Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында өткен кеш ұлттық өнердің терең тамырын дәріптеуге арналды.
Концертке жиналған көрермендер қазақ музыкасының жауһар туындыларымен қатар әлемдік классика шығармаларын ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен тыңдады. Кешті «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі ұсынды. Шығармашылық кеш композитор Бақытжан Көбенғалиевтің «Мерекелік увертюрасы» шығармасымен ашылды. Әуелеген әуен мен оркестрдің үйлесімді орындауы көрерменді бірден өнер әлеміне жетеледі.
ЕРЛАН ЖАНДАРБАЙ, ҚАЗАҚ ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ СОЛИСІ
Оркестріміз үлкен дайындықпен келді. Бүгінгі концертте әлемдік классика туындыларымен қатар қазақтың ұлттық шығармаларын да орындап жатырмыз. Көрерменге ерекше көңіл күй сыйлау – басты мақсатымыз.
Кеш барысында күй өнерінің алтын қорына енген Сүгірдің «Қаратау шертпесі» мен «Мың жылқысы», Тәттімбеттің «Азамат қожасы», Құрманғазының өр рухты «Сарыарқа» күйлері орындалды. Домбыра үнінің оркестрлік кең тыныспен үндесуі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
МҰХАН БАЙБОСЫНОВ, ҚР КОМПОЗИТОРЛАР ОДАҒЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі концерт өте жоғары деңгейде өтті. Көрерменніңықыласы да ерекшеболды. Осындай рухани кештер жылсайын ұйымдастырылып тұрса деген тілегіміз бар.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі 2021 жылдан бері ұлттық өнерді насихаттау бағытында табысты еңбек етіп келеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Өмірбек Қонысбеков, ал бас дирижері – республикалық байқаулардың лауреаты Жамбыл Мейірбеков. Бүгінде ұжым халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін кеңінен танытып жүрген шығармашылық ордаға айналды.