Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба талқыланды. Қытайлық инвесторлар өңірде жылыжай кешендерін дамытып, экспортқа бағытталған гүл өндірісін қолға алуға қызығушылық танытып отыр.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық компания өкілдерімен кездесті. Басқосуда гүл шаруашылығын дамыту, сәндік ағаш көшеттерін өсіру және заманауи жылыжай технологияларын енгізу мәселелері қаралды. Қазірдің өзінде инвесторлар Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде егуді бастаған. Егер сынақ нәтижесі сәтті шықса, гүл өсірілетін алқап көлемі 20 гектарға дейін ұлғайтылмақ. Компания өкілдерінің айтуынша, гүл өнімдеріне Орталық Азия мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Сондықтан жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өңірдің климатына бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрі сынақтан өткізіліп, оң нәтиже болған жағдайда жоба кеңейтіледі.