Университет қабырғасындағы пара алу мен пара беру деректері қатаң бақылауда. Заңсыз әрекетке барғандар жауапкершіліктен құтылмайды. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Академиялық ортада адалдық пен ашықтық қағидаларын нығайту мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен М.Әуезов атындағы университет өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және алдын алу жұмыстарын жүйелеуге бағытталған. Меморандум аясында оқу бағдарламаларындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәнінің мазмұны жетілдіріліп, студенттер арасында адалдық, парасаттылық және әдеп қағидаларын кеңінен насихаттау көзделген. Сонымен қатар департамент мамандарының қатысуымен арнайы кездесулер, семинарлар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Кездесу барысында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы соңғы өзгерістерді талқылап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Мамандар жастар арасында адалдық құндылықтарын дәріптеу – жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін атап өтті.

ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Басты мақсат сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Сол үшін де университетпен бірлесе отырып жұмыс істемекпіз. Оқу бағдарламаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттар күшейтілетін  болады.