Жеңіске деген жігер, тартысқа толы бәсеке. Шымкентте оқушылар арасында ұйымдастырылған «Жастар лигасы» өз мәресіне жетті. Мыңдаған жеткіншек бас қосқан жарыста қатысушылар спорттың тоғыз түрі бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.


Нұрсая Жұмабек – жастар лигасының жеңімпазы. Кіл мықтыдан суырылып шыққан жас шахматпен 7 жасынан бастап айналысады. Тынымсыз еңбек еткен оқушы қызығушылығын үздіксіз дамытып, тәжірибесін шыңдап келеді.


НҰРСАЯ ЖҰМАБЕК, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
Жарыс жоғары деңгейде өтті.Мен бұл жарысқа жыл сайын қатысамын. Қала мектептерінен келген оқушылармен шахмат ойнап, бірінші орын алдым.


Биыл жобаға қаладағы 147 мектептен келген 6 мыңнан астам оқушы қатысып, спорттың тоғыз түрі бойынша сынға түсті. «Шымкент жастар лигасы» – жасөспірімдерді салауатты өмір салтына үндейтін бірегей жоба. Бұл бастама жас таланттардың қабілетін шыңдап қана қоймай, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашып отыр.


АЛМАС ҚАЙЫПОВ, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №65 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ
Мектеп оқушылары білім алып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану керек. Бүгінгі сайыс сол үшін ұйымдастырылып отыр. Биыл біздің мектеп шахматтан 2 орын, волейболдан 2 орын, баскетболдан 3 орын алды.


Маусымның жабылу салтанатында жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінген командалар арнайы марапаттарға ие болды. Әр спорт түрі бойынша жеңімпаз атанған оқушыларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды.