Бүгін – Шымкент қаласының күні. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар бүгінде Қазақстанның ең ірі мегаполистерінің біріне айналды. Тамыры тереңге кеткен қала бүгінде қарқынды дамуымен ерекшеленеді.
Шымкент - сан ғасырлық тарих пен заманауи дамуды тоғыстырған шаһар. Ұлы Жібек жолының бойында қалыптасқан қала бүгінде еліміздің экономикалық, мәдени және туристік орталықтарының біріне айналып отыр. Қаланың жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 2011 жылы Шымкент Халықаралық ірі қалалар мен астаналар ассамблеясының арнайы дипломын алып, «ТМД және ЕуразЭҚ кеңістігіндегі ең үздік қала» атағына ие болды. Ал 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы мәртебесі берілді. Бүгінде мегаполисте тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Инфрақұрылым жаңарып, білім, мәдениет және спорт салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістердің барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Шымкенттің әрбір жетістігінің артында туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбекқор тұрғындардың еңбегі жатыр. Сондықтан Қала күні - өткен тарихқа құрмет көрсетіп, бүгінгі жетістіктерді бағалайтын және болашаққа сеніммен қарайтын ерекше мереке.