Түркістанның «Тұран» футбол клубы жанкүйерлерін тағы бір жарқын жеңіспен қуантты. Бірінші лиганың 10-турында өз алаңында «Ақтөбе-Жас» командасын қабылдаған түркістандықтар қарсылас қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, турнир кестесіндегі үздіктер қатарындағы орнын нығайтты.


Матч басталысымен алаң иелері тізгінді өз қолына алды. Кездесудің 11-минутында Мирас Тұрлыбек есеп ашып, командасын алға шығарды. Арада көп уақыт өтпей, 24-минутта Карам Сұлтанов есеп айырмасын екі есеге ұлғайтты. Екінші таймда да «Тұран» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 77-минутта Темірлан Мұрзағалиев мергендігімен көзге түссе, 84-минутта Саят Бақтыбай пенальтиден мүлт кетпей, матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:0. Стадионға жиналған жанкүйерлер ойын бойы командаға қолдау білдіріп, ерекше атмосфера қалыптастырды. Кездесуді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы тамашалап, жергілікті клубқа қолдау көрсетті. Матчтан кейін мерекелік көңіл-күй жалғасын тапты. «Тұран» клубының басшылығы жанкүйерлерге сыйлықтар таратып, түрлі ойындар ұйымдастырды. Ал кештің көркін қыздырған белгілі әнші Айқын Төлепберген көпшілікке ән шашуын ұсынып, футбол мерекесін әсерлі концертпен түйіндеді.