Еліміздің барлық өңірінде студенттік еңбек жасақтары құрылып, өз жұмысын бастады. Биыл Қазақстан бойынша маусымдық жұмысқа 1100-ден астам жасақ ресми түрде тіркелген. Шымкент қаласында да алғашқы 6 жасақ 4 бағыт бойынша еңбекке кірісті.
Мегаполисте жастар мен студенттердің еңбек жасақтары биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Олар жаз мезгілінде құрылыс, туризм және экологиялық бағыттарда жұмыс істейді. Сонымен қатар гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін бақылап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысады.
НАЗЕРКЕ ҚОСБАЕВА, ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Жазды бос өткізбей, өз қажеттілігімізге ақша табамыз. Бізге мүмкіндік беріп отырған “Ауыл” партиясына алғыс айтамын. Осы бастаманың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын.»
Салтанатты шараға 6 жасаққа біріктірілген 100-ге жуық студент қатысты. Олар еңбек маусымы барысында төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Экологиялық бағыттағы жастар саябақтар мен демалыс орындарындағы жасыл желекті күтіп-баптап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. “Ауыл” партиясының бастамасымен қайта жанданған бұл жоба жастардың еңбекке деген ынтасын арттыруға бағытталған.
ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, “АУЫЛ” ПАРТИЯСЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Алдымен жұмыс берушілермен келісім жасаймыз. Содан кейін жастарды сол жұмыс орындарына тартамыз. Қазір төрт жасақ жұмыс істеп жатыр, алдағы уақытта олардың саны арта түседі. Қазіргі таңда бірнеше компания да жастарды қабылдауға дайын.»
Жұмысқа кіріспес бұрын жастар ант қабылдап, еңбек маусымының ресми ашылу салтанатына қатысты. Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйланды. Енді студенттер жазғы демалысын тиімді пайдаланып, еңбекке белсенді түрде кіріседі.
ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ