Шымкентте өндіріс саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, қалада бір күнде төрт бірдей жаңа зауыттың тұсауы кесілді. Ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысты.


Алдымен шаһар басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Shymkent Qagazy кәсіпорнының ашылуына қатысты. Құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын жоба макулатураны қайта өңдеу арқылы картон қаптамаларын дайындайды. Жылына 10 мың тонна өнім шығаратын зауыт өңірді отандық өніммен қамтып, 50 жаңа жұмыс орнын ашпақ.


ЖАРАС ЕРТАЕВ, КӘСІПОРЫН ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Бір күнде 60 тонна қағаз өңдеп шығарамыз. Қазір жаңартып жатырмыз. Қорап шығарумен айналысып жатырмыз. Негізгі сататын жерлеріміз-Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан.


Өндірістік сапар барысында әкім «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы аккумуляторларды кәдеге жарату зауытының жұмысымен де танысты. Экологиялық маңызы жоғары бұл кәсіпорын пайдаланылған аккумуляторларды қайта өңдеп, қауіпті қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін төмендетеді.


ҚУАТ АМАНЖОЛОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ

Ескі аккмуляторды жинап, оларды лақтырмай, қышқылды жинап, оған кальций қосып, гипс шығарамыз. Арнайы пластик ыдыстарды да қайта өңдеп шығамыз. Қорғасыннан арнайы өнімдерді де дайындаймыз.


Сонымен қатар дәл осы индустриялық аймақта «ORDA NS BUILDING» жүзеге асырған жаңа өндірістік алаң іске қосылды. Бұл жоба шағын және орта бизнес өкілдеріне дайын инфрақұрылым ұсыну арқылы жаңа кәсіпорындардың ашылуын жеделдетеді. Ал нысан аумағы 50 мың шаршы метрді құрайды.


ӘЛІШЕР РҮСТЕМБЕК, «ATTILA EMPIRE» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Бүгін бұл нысанда бірден екі зауыт ашылмақ. Бұл елдегі газ қазандықтарын шығаратын алғашқы зауыт. Алдағы жоспарымыз-тек Шымкентті емес, бүкіл елді қамтып, Орталық Азиядағы жетекші өндіріс орындарының біріне айналу.


Саладағы тағы бір маңызды жоба – алюминий профильдерін өндіретін жаңа зауыт. Бұл нысан құрылыс саласына қажетті өнімдерді ішкі нарықта өндіруге мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтуды көздейді. Жобаның инвестициялық құны 3,5 миллиард теңге.


ДАНИЯР ӘЛІМБАЕВ,  «HIMMEL ALUMINIUM» АЛЮМИНИЙ ПРОФИЛЬДЕРІН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл зауыт бір жыл көлемінде 3840 тонна өнім шығарады. Жалпы, терезе, есік сынды құрылыс саласына қажетті өнімдерді дайындап, ішкі нарықтағы сұранысты азайтпақпыз.


Соңғы жылдары мегаполис инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып келеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өндіріс орындарының көбеюі қаланың экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, Шымкентті еліміздегі ірі индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.


ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жаңа кәіпорындар бой көтеріп жатыр.Енді өңірде қағаз да қайта өңделеді, ішкі арыққа қажетті өнімдер шығарылады.Бұл жобалар экономиканың дамуына үлес қосады.


Шаһар экономикасына тың серпін берген бұл зауыттардың жалпы инвестиция көлемі 13 миллиард теңгеден асады. Ал жыл соңына дейін қалада 66 миллиард теңгені құрайтын тағы 28 жоба жүзеге аспақ.