Нөсер жауын салдарынан үйі қираған отбасыға қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетті. Халық қалаулылары зардап шеккен тұрғынға қажетті құрылыс материалдарын алып беріп, жөндеу жұмыстарына тікелей атсалысты. Цемент, кірпіш, шағал, бөрене сынды құрылысқа қажет заттар жеткізіліп, қираған баспананы қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Мәслихат төрағасы халықтың мұң-мұқтажына бей-жай қарамау – қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті. Депутаттар бұл жолы тек ұйымдастырып қана қоймай, нақты көмекті өздері де көрсеткен.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ
«Қанша кірпіш, қанша арматура қажет екенін есептеп, соның бәрін жеткізіп отырмыз. Қазір материалдың 70 пайызы әкелінді, алдағы уақытта толықтырамыз. Ең бастысы – мұндай сәтте бір-бірімізге қолдау көрсету. Осындай іске атсалысқан әріптестеріме алғыс айтамын.»


Төтенше жағдай көктем мезгілінде болған. Табиғаттың тосын мінезінен бір жылдық жауын мөлшері бір тәулік ішінде Елтай елді мекеніне түскен. Соның салдарынан бес тұрғын үй зардап шегіп, қабырғалары жарылған. Кейін кәсіпкерлер мен халық қалаулыларының қолдауымен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

ДАРИҒА КОНКАЕВА, ҮЙ ИЕСІ

«Үйіміз арықтың жанында орналасқан. Үлкен арық бар, су тасып, қиын жағдайға тап болдық. Әкімдікке, мәслихат төрағасына рақмет, барлығы бірігіп көмек көрсетіп жатыр.»