Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауқымды жоба әуежайды халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Құрылыс барысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков танысып шықты.

Жаңа ұшу-қону жолағы ПСН-80 санатындағы берік жабынмен жабдықталып, ауыр жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікке ерекше мән берілген. Әуеайлақ көру мүмкіндігі төмен немесе қолайсыз ауа райы жағдайында да ұшақтарды қабылдай алатын заманауи навигациялық жүйелермен қамтамасыз етіледі. Бұл әуе қатынасының тұрақтылығы мен сенімділігін айтарлықтай арттырады.

РОЛАН ИБРАГИМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Бұл барлық типтегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Үшінші категория бойынша жұмыс істейді. Яғни тұман немесе нөлдік көріну жағдайында да ұшақтарды қабылдай аламыз.»

Сапар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Тассай индустриялық аймағына да барды. Онда еліміздегі ең ірі трансформатор зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ мегаполисте салынып жатқан 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының құрылыс барысын бағамдады.