Шымкенттік оқушылар робототехникадан өткен республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық кезеңге жолдама жеңіп алды. Ерден Алмасбек пен Маруф Сейдахмат WRO ALMATY олимпиадасында мүмкін болған 170 ұпайдың 164-ін жинап, күміс жүлдегер атанды.


Енді жас өнертапқыштар Үндістанда өтетін World Robot Olympiad әлемдік додасында Қазақстан намысын қорғайды. Жыл сайын ұйымдастырылатын байқау оқушылардың инженерлік ойлауын, бағдарламалау дағдыларын, техникалық шығармашылығын және командалық жұмысын дамытуға бағытталған. Әлемнің 100-ден астам елінен қатысушылар бақ сынайтын жарыс робототехника саласындағы ең беделді олимпиадалардың бірі саналады.


ЕРДЕН АЛМАСБЕК, WRO ALMATY ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Роботтары біз арнайы наборлар арқылы құрастырдық. Жобаның негізгі базасын командаласын жинады, оны басқару жүйесін өзім жазып шықтым.


Оқушылар бұған дейін қалалық іріктеу кезеңінде де үздік нәтиже көрсеткен. Алматыдағы республикалық додаға бір ай бойы тыңғылықты дайындалып, арнайы жоба әзірлеген. Роботтың құрылымын жетілдіріп, бағдарламалау жүйесін жетілдіру бағытында жетекшілерімен бірге жүйелі жұмыс жүргізген. Жас робототехниктер енді бар күш-жігерін Үндістанда өтетін әлемдік бәсекеге жұмылдырмақ. Олар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жаңа жетістіктерге қол жеткізуді мақсат етеді.


МАХИТ АБДУРАХИМОВ, ЖЕТЕКШІ
Мұнда қатысушыларға тапсырма береді. Соның негізінде роботтардың механизмдерін құрастырады. Ешқандай нұсқаулық берілмейді. Бәрін өз ойымен, өз қиялымен құрастырады.