Қала күні қарсаңында Шымкенттің үш бірдей саябағында «Шымқала кештері» жобасы ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен мәдени шара тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шығармашылық ұжымдар ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке ерекше кеш тарту етті.


Мерекелік бағдарлама аясында цирк әртістері мен акробаттар өз өнерлерін көрсетті. Әсерлі қойылымдар мен қызықты нөмірлер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе бүлдіршіндер цирк өнерінің сиқырлы әлеміне еніп, әр қойылымды қызыға тамашалады.


НҰРБОЛ ШАЛҚАР, «ШЫМКЕНТ ЦИРК» МКҚК ӘРТІСІ
Бүгінгі кешке келушілердің қарасы қалың.Қала күніне орай ұйымдастырылған кеште түрлі қойылымдар көрсетеміз.Өнерімізді паш етіп, келушілердің көңіл-күйін көтеруге атсалысып жатырмыз.

Мерекелік кеш тек цирк өнерімен шектелген жоқ. Қаланың өзге саябақтарында театр әртістері сахналық қойылымдар ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш бойы әсем әуендер шырқалып, тұрғындар сүйікті әндерін бірге орындады.


САНДУҒАШ ШЕРЕХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Соңғы уақытта демалыс күндері осындай кештер жиі ұйымдастырылып тұрады.Балаларыммен бірге келіп, таза ауада серуендеп, қызықты қойылымдарды тамашалаймыз.Бүгінгі кеш те өте керемет өтті, көңіл-күйіміз көтеріліп қалды.


Тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленген «Шымқала кештері» жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Мәдениет басқармасының бастамасымен қолға алынған мәдени шара енді әр сенбі және жексенбі күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, қала тұрғындарының демалысын мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді.