Шымкенттік ақ халаттылар құрмет төрінен көрінді. Медицина қызметкерлері күніне орай шаһар басшысы еңбек адамдарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Ақ желеңді абзал жандар Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы күн санап қарқынды дамып келеді. Қазір Астана мен Алматы қалаларында жасалатын күрделі оталар біздің шаһарда да қолға алынған. Сондай-ақ ағза трансплантациясы бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген.
ДӘУРЕН ҚАБЫЛОВ, ДӘРІГЕР-ХИРУРГ
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан берілген марапатты алу біз үшін үлкен құрмет. Еліміздің денсаулығы үшін қызмет етіп келеміз. Қала әкімі мен денсаулық сақтау басқармасына алғысымызды білдіреміз. Бізге жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Медицина қызметкерлерін құттықтаған қала әкімі сала мамандарының жыл бойғы еңбегін атап өтіп, жетістіктерге тоқталды. Қазір медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы 88,5 пайызға жаңартылған. Диагностикалық, онкологиялық орталық пен балалар ауруханасына заманауи томографиялық аппараттар алынған.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Дәрігерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, сала мамандарының жалақысын арттыру бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Жергілікті деңгейде денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы үш жылда ұйымдардың материалдық базасын нығайту және заманауи құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қалада емханалардағы қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Қазір 12 медициналық мекемеге заманауи УДЗ аппараттары алынған. №5 емхана мен Жұқпалы аурулар ауруханасы толық жөндеуден өтті. Жыл басынан бері жүздеген маман біліктілігін арттырып, арнайы оқудан өткен. Мұның бәрі салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.