Кешкі уақытта отшашу атып, елдің тынышын бұзатын жағдайлар көбейген. Оқыс дыбыстан тұрғындар шошып, абдырап қалып жатады. Азаматтардың өтінішіне сәйкес полицейлер тексеріс жұмыстарын жүргізіп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдаланудың жолын кесті.
Рейд барысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың 19 дерегі анықталды. Лицензиясыз және сақтау талаптарын бұза отырып сатылған 441 отшашу тәркіленді. Құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар елдімекен аумағында түнгі уақытта салют атқан азамат анықталды. Ол пиротехникалық бұйымдарды арнайы белгіленбеген жерде пайдаланғаны және түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдаланудың 44 дерегі тіркелген.