Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтті. Қазақ руханиятының асыл қазынасына айналған дүбірлі жыр додасы биыл екінші рет ұйымдастырылып, ұлттық өнердің мәртебесін тағы бір мәрте айшықтады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал айтыскер ақындар сахна төрінде сөз сайыстырып, суырыпсалмалық өнердің озық үлгісін паш етті.


Соңғы жылдары Шымкентте айтыс өнерін жаңғырту мен дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылған бұл айтулы айтыс – қалыптасып келе жатқан игі дәстүрдің жарқын жалғасы. Қалалық әкімдіктің қолдауымен өткен ауқымды өнер бәйгесіне еліміздің әр өңірінен танымал айтыскер ақындар қатысты. Айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Алтай ұстаса, қазылар алқасына қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық етті.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі айтысқа елге белгілі айтыскерлер қатысып отыр.Қатарында Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Астана сынды өңірлерден келген ақындар бар.Жалпы он екі өңірден келген айтыскерлер бүгін өнер көрсетеді.


Жыр додасында ақындар ел бірлігі, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі мен қоғамдағы өзекті мәселелерді кеңінен қозғады. Сондай-ақ, заманауи мегаполиске айналған Шымшаһардың әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен жаңарған келбеті назардан тыс қалған жоқ.


БІРЖАН БАЙТУОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН

Биылдың өзінде қаламызда талай инфрақұрылымдық орындар ашылып, халық қуанышқа кенеліп жатыр. Саябақтар бой көтерді, зауыттар салынды. Қала басшылығымен бірлесіп, осылардың бәрін ескере отырып, ақындар айтысын ұйымдастырамыз деп шештік. Бүгінгі жыр додасында айтыскерлер осы өзгерістерді тілге тиек етіп өтеді.


Қазылар шешімімен жүлделі үшінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина мен Қарағанды облысының өкілі Дидар Қами иеленді. Екінші орын Қайырхан Жұбаниязов пен Нұрмахан Жақыпбекке бұйырса, жүлделі бірінші орынды Астана қаласының ақыны Иран-Ғайып Күзембаев жеңіп алды. Ал 5 миллион теңгелік бас жүлдені шымкенттік ақын Біржан Байтуов қанжығасына байлады.