Өңірде заңсыз әрі мақсатсыз пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқын алып келеді. Жыл басынан бері өңірде 50 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс облыс әкімінің қатаң бақылауында.


Жер ¬- кез келген өңірдің басты байлығы. Ал Түркістан облысында оның жалпы көлемі 11 миллион гектардан асады. Биыл жоспар бойынша мақсатсыз пайдаланылған 40 мың гектар жерді мемлекетке қайтару көзделген еді. Алайда атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 47 мың 600 гектарға жетті. Қайтарылған жерлердің басым бөлігі - жылдар бойы бос жатқан жайылымдар мен ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған алқаптар. Ендігі мақсат - бұл жерлерді қайтадан игеруге енгізіп, өнімділікті арттыру. Өңір басшысы жауапты сала мамандарына жұмысты бәсеңдетпей, мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланушыларға берілген хабарламалардың орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізуді және жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Мал басы тіркелмеген жайылымдық жер мен пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыру керек


Бүгінде облыс көлемінде 4,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері тіркелген. Меншік иелеріне жерді мақсатты пайдалану бойынша ескертулер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - дейді мамандар.


ЕРҒАЛИ ТІЛЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

2026 жылға министрлік тарапынан мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді қайтару, жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушыларға хабарлама беру, мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдарды қоғамдық жайылымға бекіту жоспарлары әзірленген. Облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларда 4527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін мақсатына сай пайдалануы бойынша хабарлама берілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласында салық төлеу тәртібін реттеу, инвестиция тарту бағытында арнайы комиссия құрылған. Қазірдің өзінде 181 жер учаскесінің құжаттары қаралды. Саладағы қаржылық бақылау да назардан тыс қалмайды. Былтыр мемлекеттен субсидия алған 541 кәсіпкер мен шаруашылық иесінің қызметі сараланып, 23 миллион теңгеден астам салық төлемдері жүргізілді.