Жаздың аптап ыстығында су айдындарына ағылатын халық көп. Осыған байланысты Түркістан облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралып, мамандарға нақты тапсырмалар берілді.


Жиында өңір басшысы судағы қауіпсіздікті күшейту күн тәртібіндегі ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Әсіресе қайғылы жағдайлар жиі тіркелген аумақтарға бақылау орнату, ескерту белгілерін көбейту тапсырылды. Мамандардың айтуынша, биыл судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 23 тармақтан тұратын арнайы жоспар іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда суға кету деректері 34 пайызға азайған. Алайда қауіп әлі де бар. Статистикаға сәйкес, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі - рұқсат етілмеген су айдындарында тіркеледі. Негізгі себеп - қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамау мен балаларды бақылаусыз қалдыру.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Соңғы үш жылда суға кету оқиғалары көп тіркелген аумақтарды зерделеп, ескерту тақталарын орнату маңызды. Облыс аумағында барлық су айдындарында шомылу маусымын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын.

Қауіп айтып келмейді. Сондықтан өңірде бақылау күшейтілді. Рейд барысында 100-ден астам азаматқа айыппұл салынып, 200-ден астам тұрғынға ескерту берілген. Сонымен қатар облыста шомылуға арналған 53 ресми жағажай белгіленген. Бірақ тексеріс барысында олардың бірқатары толық талапқа сай еместігі анықталды.


БАҒДАТ ЧАЙЗАДА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Облыста шомылуға арналған 53 жағажай белгіленген. Алайда тексеру нәтижесінде олардың көпшілігінде кемшіліктер анықталған. Қосымша 17 жағажай ашу жоспарланып отыр. Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылу орындары жоқ елді мекендерге модульді бассейндер орнату жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 900 бассейннің бүгінде 441-і пайдалануға берілген.


Төтеншеліктер Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Ордабасы аудандарындағы каналдар мен су айдындарын ерекше бақылауға алды. Өңірде балалар қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда жоба аясында 1600-ден астам бала жүзу дағдысын тегін меңгерді.