Мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Елдің дамуы мен қоғамның ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып жүрген мамандар кәсіби мерекесін атап өтті. Өңір басшысы қызметкерлерді құттықтап, үздіктерді төсбелгілермен және марапаттармен наградтады.


Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт ғимараты және 185 мектеп салынды. Халықаралық талаптарға сай спорт, мәдениет және туризм нысандары бой көтерді. Жуырда облыс орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге артып, 5 триллион теңгеге жетті. Облыс халқының саны 9 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамнан асты. Нұралхан Көшеров бұл жетістіктерде мемлекеттік қызметшілердің еңбегі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандар құрметке лайық.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген аталы сөзі бар. Сондықтан ел мүддесі жолында табандылық танытып, сенімді ақтауға міндеттіміз. Әрдайым халық үшін адал қызмет ете беріңіздер.


Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Облыс әкімі мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады.


ГҮЛМАРАЛ НЫҒМЕТҚЫЗЫ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ
Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегім еленіп, марапатқа ие болдым. Алғысым шексіз. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын.


Бүгінде өңірдегі 520 мекемеде 6327 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Оның 3618-і жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейді. Өткен жылы меритократия қағидаты негізінде 262 мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарылады. Бұл – білім мен тәжірибенің, еңбек пен ізденістің нәтижесі. 2021 жылдан бері өңірде 272 ауыл әкімі халықтың тікелей дауыс беруімен сайланды. Өңірлік кадрлық резервке 32 дарынды жас қабылданып, оның 19-ы бүгінде жауапты қызметтерге орналасты.