Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңір атанды. Бұл көрсеткішке өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілді.
Өңірде құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға, ал қылмыс саны 4,5 пайызға төмендеген. Соның нәтижесінде Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша еліміздегі ең қауіпсіз өңір ретінде танылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 1236 қоғамдық көмекші тартылып, олардың көмегімен 451 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыс ашылған. Жыл басынан бері жастар арасында 329 іс-шара өткізіліп, оған 30 мыңға жуық жас қамтылды. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған 956 профилактикалық шара ұйымдастырылып, 70 мыңнан астам жас қатысқан. Жиын қорытындысында өңір басшысы жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ нашақорлықпен, лудоманиямен және интернет-алаяқтықпен күресті жандандыру қажеттігін атап өтті.