Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 30 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады.
Шымкент қаласының тұрғыны Шахноза Хакулова үшін бүгін ерекше күн. Жалғызбасты ана жеті жылдан бері баспанаға қол жеткізуді армандап келіпті. Қуанышқа кенелген ол бүгін үш бөлмелі пәтерге ие болып, көптен күткен үйінің кілтін алды.
ШАХНОЗА ХАКУЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Талай жылдан бері үй алуды армандап келемін.Бүгін –арманым орындалған күн.Бозарықта орналасқан үш бөлмелі пәтерге ие болдым.Еткен еңбегім ақталды.
Қазіргі таңда шаһарда тұрғын үй кезегінде 95 мыңға жуық азамат тіркелген. Жыл соңына дейін 7 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарланып отыр. Ал бүгінгі қуаныш иелері Бозарық шағынауданында орналасқан жаңа үйлерге қоныстанды. Бағдарламаға «2-10-20» және «5-10-20» тұрғын үй шарттары бойынша төлем мүмкіндігін растаған азаматтар қатысты.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ М.А.
Бұл отбасылар «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие түрінде үй алып жатыр.Көпбалалы жанұялар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қиын жағдайға тап болған отбасыларға үй берілуде.Яғни олар аз пайызбен баспанаға қол жеткізеді.
Тұрғын үй беру жұмыстары Шымкентте жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы осы санат бойынша 1 500-ге жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлады. Баспаналар қажетті инженерлік инфрақұрылымдық жүйемен толық қамтамасыз етілген.