Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтап, ел тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары кәсіби мерекелерін атап өтті. Мереке аясында үздік қызметкерлер марапатталып, бірқатар полицейге жоғары арнаулы шен табысталды.
Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі олардың еңбегіне тоқталып, бірқатар қызметкерге марапат табыстады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ал қалалық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев сөзін қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алудан бастады. Ол ерлік көрсеткен сақшылардың жақындарына құрмет білдіріп, сый-сияпат табыстады. Сондай-ақ үздік қызметкерлерді марапаттап, бірқатар полицейге жоғары шен тапсырды.
МҰХТАР ҚОЖАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз ететін полицейлер үшін бұл марапат – үлкен жауапкершілік. Кеудесіне төсбелгі таққан қызметкерлер алдағы уақытта да өз міндеттерін абыроймен атқаруға ниетті.
ТАЛҒАТ ЕРЕЖЕПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД АРНАЙЫ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Полковник шеніне жеткен де бар, жетпеген де бар. Маған бұйырып тұр екен. Бұдан әрі қарай да ісімізді сапалы атқаруға тырысамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.
Жыл басынан бері Шымкентте 300-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 40 пайызға жуығы ашылып, құқықбұзушылардың жолы кесілген. Мамандар азаматтарға бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарап, жеке деректерді ешкімге жария етпеуге кеңес береді. Бүгін киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласының мамандары да марапатталып, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен наградталды.
ШЫҢҒЫС НҰРЖАНҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Азаматтар хабарласқан бөтен номерді алмау керек. Жеке деректерді айтпау керек. Полиция және банк қызметкерлері ешқашан азаматқа қоңырау шалып смс код сұрамайды.
Салтанатты шара соңында мәдениет қызметкерлері өнер көрсетіп, тәртіп сақшыларына арналған патриоттық әндер шырқалды.