Түркістан облысындағы ауыл мектептерінің әлеуеті арта түспек. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасы қаралып, бастама кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.


Жоба ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ оқушылардың жаратылыстану пәндерін терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі жобаны жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен. Облыс бюджетінен 100 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ 4600 педагог пен мектеп басшысын оқытуға қажетті қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, «Білім-Инновация» халықаралық қорымен бірлесе отырып, үш жыл бойы мұғалімдерге менторлық қолдау көрсетіледі.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚОРЫТЫНДЫ
Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары, балалар саны ең көп стратегиялық аймақ. 2022 жылдан бері өңірімізде жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам қаражатқа қайырымдылық жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде білім беру саласына – 5,3 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 5,2 млрд теңге, әлеуметтік қорғауға – 547 млн теңге, спорт және мәдениет салаларына 994 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.