Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары нақты нәтижесін бере бастады. Сапар барысында жүргізілген келіссөздердің жалғасы ретінде Түркістанда тағы бір маңызды кездесу өтті. Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі - Henan Sulipu Cable өкілдері өңірде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытып, серіктестік орнату жөнінде ұсыныс білдірді.
Кездесуде өңірде кабель өнімдерін өндіру және түсті металдарды терең өңдеу жобасы талқыланды. Инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгені құрайтын жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде кабель және түсті металл өнімдерін өндіретін заманауи зауыт салынады. Кәсіпорында мыс, жез және алюминий негізіндегі өнімдердің кең ауқымы шығарылмақ. Сонымен қатар жез катанкалары мен профильдері, алюминий табақтары, таспалары және сымдары өндіріледі. Өндіріс орнының қуаты тәулігіне 30 мың метр кабель мен электр сымдарын шығаруға мүмкіндік береді. Ал екінші кезеңде қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Экологиялық қауіпсіз технологиялар қолданылатын кәсіпорын жылына 15 мың тонна өнім өндіретін болады.