Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Ордабасы ауданында жыл басынан бері 20,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш Қытай мен Түркияға жасалған жұмыс сапарлары және өңірге келген инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болды. Аудандағы ауқымды жұмыстар туралы тілші тарқатады.

Ордабасы ауданында жыл қорытындысымен инвестиция көлемін 55 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде меженің жартысына жуығы орындалған. Бүгінде жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын, 549 адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде құны 7,2 миллиард теңге болатын 3 жоба іске қосылған.

АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Жыл соңына дейін ауданда жалпы құны 28,5 миллиард теңгені құрайтын тағы 14 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 525 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобалардың екеуі металл өндірісі саласына тиесілі. Сонымен қатар жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібінде – 3, жиһаз өндірісінде – 2, құрылыс саласында – 4, химия өнеркәсібінде – 2 және құс шаруашылығы бағытында 1 жоба жүзеге асырылады.

Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында инфрақұрылыммен толық қамтылған, аумағы 102,5 гектарды құрайтын индустриялық аймақ құрылған. Қазір мұнда жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын, 722 жұмыс орны ашылған 9 жоба іске асқан. Сондай-ақ жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

ФАТИМА ТАШИМОВА, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жалпы өндіріс саласында жыл соңына дейін тағы 12 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы құны 21 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 458 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жоспарланған жобалардың нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін жергілікті бюджетке 25,8 миллион теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемін 80,7 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.