Жаз мезгілі бастала сала шомылу маусымы да қыза түсті. Алайда аптап ыстықтан су жағасына ағылатын тұрғындардың қауіпсіздігі мамандарды алаңдатып отыр. Себебі өткен жылы Шымкентте екі адам суға кетіп, қаза тапты. Оның бірі – кәмелет жасына толмаған жасөспірім болған. Қайғылы жағдайлар шомылуға қатаң тыйым салынған аумақта тіркелген. Бұл туралы бүгінгі өткен брифингте құзырлы орган өкілдері хабарлады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Қазір қала аумағында тұрғындардың демалуына арналған 5 ресми су айдыны белгіленген. Бірақ олардың тек үшеуінде ғана суға түсуге рұқсат берілген. Ал тыйым салынған аймақтардағы жағдай тіптен алаңдатарлық. Бүгінде мамандар 13 қауіпті аумақты бақылауға алған. Алдағы уақытта бұл тізім 31 орынға дейін ұлғаймақ. Қала бойынша 267 арнайы тыйым салу белгілері орнатылған. Бірақ соған қарамастан көпшілік ескертуді елемей, қауіпке өздері барады. Ал мұндай салғырттықтың соңы кейде қайғылы жағдаймен аяқталады.
АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Қазіргі таңда 13 орынға арнайы тақтайшалар орнаттық. Егер қауіпсіздік ережелерін елемей, рұқсат етілмеген орындарға шомылса, жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл өтейді.
Шаһарда Алдын алу жұмыстары да қарқынды. Сәуір айынан бері төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп 137 рейд өткізіп, 14 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Дегенмен, шаһарда бүлдіршіндердің терезеден құлап кету деректері де көңіл көншітпей тұр.
ҚАЙСАР ҚАЛДЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ
Жаз мезгілінде ата-аналардың салғырттығының салдарынан балалар терезеден жиі құлап кетіп жатады. Москит торына сүйенген бүлдіршіндердің салмағын қарапайым тор көтере алмайды. Соңында бұл мәселе қайғылы жағдайға әкеледі. Алдын-алу үшін терезеге бекіткіш пен қорғаныс құралдарын қою керек.
Енді жүгенсіз жүргендерге бақылау күшейеді. Жазғы маусымда заң бұзып, ескертуді елемеген азаматтар айыппұл арқалайды. Төтеншеліктер қарапайым ережеге бағыну-адам өмірін сақтап қалудың тиімді жолы екен ескертеді.