Өңірде 29 шағын өндірістік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталды. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба жоспарланған. Бүгінде оның 98-і іске қосылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өндірістік парктерді дамыту мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Жиында алдағы жоспарлар пысықталып, жобалардың іске асу барысы талқыланды.


Мәжілісте өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары сараланды. Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич панельдер мен металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастаған. Сауран ауданында да жиһаз, құрылыс материалдары мен металл өңдеу бағытындағы өндірістер іске қосылып, жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Шардара ауданында модульді және капсулалық үйлер, термопанельдер, қасбеттік және сәндік материалдар шығаратын цехтар ашылған. Ал Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ


Түркістан, Арыс, Кентау қалаларында, сондай-ақ Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу және инвесторларды орналастыру жұмыстары жалғасуда. Мәжілісте бірқатар өндірістік парктердегі электрмен қамту мәселелері, құрылыс қарқыны және жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешеуілдеуі де талқыланды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ


Нұралхан Көшеров барлық аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды және меморандум жасалған жобаларды нақты өндіріске айналдыруды тапсырды. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешіп, өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында салынатын нысандардың құрылысын уақытылы аяқтауды міндеттеді.