Шымкентте үнсіз таралатын дертке қарсы күрес күшейтілмек. Бүгінде мегаполисте 3 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясымен есепте тұр. Алаңдатарлығы – аталған вирус адам ағзасында ұзақ уақыт бойы белгі бермей дамиды. Ал дер кезінде анықталмаған дерттің зардабы мен залалы орасан. Осы мәселені талқылау мақсатында бүгін сала мамандары ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталыққа жиналып, дөңгелек үстел өткізді.


Қауіпті дерттің таралуын тежеу үшін бүгін бір алаңда бірнеше сала мамандары бас қосты. Дөңгелек үстелге дәрігерлермен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері, қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері де қатысты. Жиында дерттің алдын алу, вирусты ерте анықтау арқылы дерттің таралуына тосқауыл қою жолдары талқыланды.


ҰЛПАН БАЙДІЛДАЕВА, «ЖИТС-ТІҢ АЛДЫН-АЛУ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ» МКҚК БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Инфекция жыныстық жолмен, қан арқылы және анадан-балаға жұғады. Біз қазір бұл бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мектептер мен оқу орындарын аралап, ақпарат береміз.


Бұл дерт адамды алалап жатпайды. Еңбектеген баладан бастап егде тартқан қарияның да өміріне қатер төндіреді. Дегенмен, уақытылы ем-дом алған науқастың аурудан айығуы мүмкін. Ол үшін ең бастысы – арнайы тестілеуден өту. Қарапайым қан талдауы адам денсаулығы жайлы ақпарат беріп, қауіпті асқынулардың алдын алады.


ЛАУРА ДАВИДЬЯНЦ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТОБЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Өз-өзін құрметтейтін кез-келген адам жыл сайын инфекцияға қан тапсырып тұруы қажет.Алдын-алсаң, дерттен айығудың жолдарын қарастыруға болады.Тек қорықпау керек.Ал қазір Шымкентте статистика тұрақты.


Дәрігерлер қоғамда АИТВ-ға қатысты қате түсінік әлі де көп екенін айтады. Көпшілік бұл инфекцияны тек белгілі бір топтарға тән деп қабылдап, тексерілуден тартынуы мүмкін. Дегенмен, мамандар мұндай жағдайда алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Бүгінде АИТВ-ға тестілеу қауіпсіз, жылдам әрі құпия түрде жүргізіледі. Ал дертті ерте анықтау – тиімді ем қабылдап, қалыпты өмір сүрудің басты кепілі.