Жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың 450-ден астам мәселесін шешкен. Бүгінде әрбір инвестициялық жобаға прокурор бекітілген. Оның міндеті – әкімшілік кедергілер мен құқықтық тәуекелдердің алдын алып, жобалардың кедергісіз жүзеге асуына қолдау көрсету. Ал қалаға инвестиция құйып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болады? Бұл мәселе «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу» форумында талқыланды.
Шымкентте жыл басынан бері прокуратура 24 өзекті мәселені шешіп, 103 инвестордың құқығын қорғаған. Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер ең көп кездесетін түйткілдердің бірі – жер мәселесі екенін айтады.
БАҚЫТБЕК АМАЛДЫҚОВ, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ
Әркімде әртүрлі мәселе. Бірақ көбіне жер мәселесіне қатысты сұрақтар көтеріледі. Шымкент қаласында 5 индустриялық және 1 арнайы экономикалық аймақ бар. Әлеуетті инвесторларға сол аумақтардан жер учаскелері ұсынылады.
Форум аясында кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Солардың бірі – кір жуу ұнтағын өндіретін компания. Кәсіпкердің айтуынша, форум барысында прокуратура өкілдерімен кездесіп, жобаны дамытуға қатысты қажетті кеңестер алған.
АҚМӨЛДІР ЖАҚСЫБАЕВА, КӘСІПКЕР
Бүгінгі форумның бізге көмегі зор болды. Прокуратура супермаркеттер желілеріне шығуға қолдау көрсететінін айтты. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз.
Форум барысында Шымкенттің инвестициялық әлеуеті жоғары екені ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда қалада жалпы құны 4,3 триллион теңгені құрайтын 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
БАУЫРЖАН БЕРДАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Атамекен» палатасы жергілікті әкімдікпен бірлесіп, инвестициялық жобалардың іске асуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Кәсіпкерлерге қажетті сүйемелдеу және қолдау жұмыстары жүргізілуде.
Форум қорытындысында қала әкімдігі, прокуратура және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.