Ордабасы ауданында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары мұнда жаңа стадиондар мен жабық футбол алаңдары пайдалануға берілді. Енді аудан тұрғындары заманауи бассейн мен теннис кортында жаттығу мүмкіндігіне ие болмақ. Құрылысы қарқын алған жаңа нысандармен тілшіміз танысып қайтты.


Темірлан ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис кортының құрылысы қызу жүріп жатыр. Нысандардың шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Алдағы уақытта спорттық құрал-жабдықтар орнатылып, кешен пайдалануға беріледі. Мамандардың айтуынша, жаңа нысандар тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.


ТАЛҒАТ ОМАРҚҰЛОВ, АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жоба құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Биыл құрылысқа 800 миллион теңге бөлінген. Кешен құрамында бассейн мен теннис корты қарастырылған.


Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін де барлық жағдай жасалмақ. Бассейнде арнайы жолақтар қарастырылған. Баспасөз туры барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан өзге де маңызды жобалар таныстырылды.


ҚҰРМАНӘЛІ ЖЫЛҚЫБАЙ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Мәдени рухани нысандар көптеп салынуда. Басқа да салалларда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көріп тұрғандай бассейін тенис алаңы бар. Келесі жылы пайдалануға беріліп қалады. Алдымызда үлкен спорт комплекс бар. Ол жерде республикалық турнирлер өтіп жатыр.


Жалпы Ордабасы ауданында спорттық, мәдени және инфрақұрылымдық нысандар саны артып келеді. Жуырда ашылған Рәміздер аллеясы да тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған. Ал орталық көшенің бойындағы жаңа нысандар аудан келбетіне көрік қосып тұр.