Шымкентте бірнеше кәсіпорын тұтынушыларға заңсыз талап қойып, негізсіз төлем өндірген. Оның ішінде көрсетілмеген қызмет үшін ақы сұрап, бассыздыққа барған мекемелер де бар. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті мәлімдеді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жыл басынан бері құзырлы орган өкілдері қаладағы бірқатар тауар нарығына талдау жүргізіп, мемлекеттік мекемелердің қызметіне мониторинг жасаған. Нәтижесінде бәсекелестік талаптарына қайшы келетін бірнеше заңбұзушылық анықталған. Айтуларынша, кейбір мекемелер өз құзыретіне кірмейтін қызметтерді атқарып, нарықтағы өзге кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген. Қазір мұндай заңбұзушылықтардың жолы кесіліп, бармақ басты, көз қысты әрекеттер әшкереленді.


ЕРНАР ҚОСБАЕВ, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Мониторинг агенттігі 9 тауар нарығы мен 28 кәсіпорынға талдау жүргізді .Яғни мұндағы мақсат-заңбұзушылықтардың алдын-алу.

Тексеру барысында тұрғындарды толғандырған мәселелерге де тоқтам қойылды. Мәселен, су саласында қызмет көрсететін мекеме кейбір тұтынушылардан есептегіш құралдарын мерзімі жетпесе де ауыстыруды сұраған. Ал газ жүйесінде қызмет көрсететін компаниялардың бірі тұрғындармен келісім жасамай тұрып, көрсетілмеген қызмет үшін төлем талап еткен. Сала мамандары бұл әрекеттердің заңға қайшы екенін айтып, кәсіпорындарға тиісті шара қолданылғанын жеткізді.


ЕРНАР ҚОСБАЕВ, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Кейбір кәсіпкерлер тұтынушыларға артық төлем беруді талап еткен. Яғни өздерінің үстемдігін қолдана отырып, бассыздыққа жол берген. Қазір бұл бойынша іс жүргізіліп жатыр.


Бұдан бөлек қазір бірқатар ірі компанияларға қатысты тексерулер жалғасып жатыр. Оның ішінде әлеуметтік желіде жалған жарнама жариялап, халықты алдап-арбаған кәсіпкерлер де бақылауға алынды. Сала мамандарының сөзінше, адал бәсекелестікке кедергі келтіріп, заң талаптарын елемегендерге жаза қатаң болады. Өйткені нарықтағы тәртіп - ең алдымен қарапайым тұтынушының құқығын қорғаудан басталады.