Түркістан облысы еліміздегі туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Биыл алғашқы бес айдың өзінде аймаққа 143 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш 15,6 пайызға өсті. Келушілердің басым бөлігін – отандық туристер құраса, 32 мыңға жуық шетелдік қонақ өңірге арнайы саяхаттап келген.


Туризм саласындағы бұл оң динамика облыс әкімі Нұралхан Көшеров жетекшілік еткен жиында кеңінен талқыланды. Жиында аймақ басшысы туризмнің өңір экономикасын алға сүйрейтін негізгі салалардың бірі екенін атап өтіп, жауапты басқармаларға бірқатар нақты міндет жүктеді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Туристік нысандардағы сервистік қызмет сапасын арттыруды, туристік бағыттарды әртараптандыруды, гидтерді даярлау және қайта даярлау жұмыстарын күшейтуді, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырамын. Сонымен қатар халықаралық және ішкі туристер ағынын ұлғайту мақсатында өңірдің туристік әлеуетін шетелдік және отандық нарықтарда кеңінен насихаттау, цифрлық платформалар арқылы жарнамалық жұмыстарды жандандыру қажет.


Өңірдегі табиғи демалыс орындарына қызығушылық та артып келеді. Алғашқы бес ай ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 60 мыңнан астам адам демалған. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 36,3 миллиард теңгеге жетіп, екі есеге ұлғайған. Қазір облыс аумағында 11 туроператор, 45 туристік агенттік пен 43 сертификатталған гид қызмет етеді.


АСҚАР АБУБАКИРОВ, «OPEN TURKISTAN» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жыл басынан бері Түркістан облысына 31 823 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келген. Бұл Түркістан облысының халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.


Бүгінде Түркістан облысы туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ірі жобалар мен жаңа бастамалардың нәтижесінде көне шаһар алдағы уақытта Орталық Азиядағы танымал туристік орталықтардың біріне айналмақ.