Шымкентте еліміздің ең жүйрік жас спортшылары бас қосты. Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатына 400-ге жуық жасөспірім қатысуда. Бұл жарыста тек медаль ғана емес, ұлттық құрама сапынан орын алу мүмкіндігі де сарапқа салынады.


Жеңіл атлетикадан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты екі спорт нысанында қатар өтуде. Қажымұқан атындағы орталық стадионда жүгіру, секіру және ядро лақтыру сайыстары ұйымдастырылса, найза, диск және балға лақтыру жарыстары №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өтуде.


НҰРЛЫБЕК СҰЛТАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Биылғы осы Шымкент қаласында осы стадионымыз жақсы жөндеуден өткеннен кейін ҚР барлық жастар арасындағы чемпионаттар Шымкент қаласында өтіп жатыр. Бірінші жарысымыз осы Сәуір айында болды.


Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 19 команда қатысуда. Қатысушылар саны бойынша алаң иелері көш бастап тұр. Шымкент қаласының намысын 61 спортшы қорғауда. Ал бес күннен кейін мегаполисте алғаш рет Ғұсман Қосанов атындағы халықаралық турнир жалауын көтермек.

Жас спортшылардың әрқайсысы жеңіске жетуді көздейді. Солардың бірі - Ақтаудан келген Алихан. Бір жыл бұрын ғана жеңіл атлетикаға келген спортшы бүгінде ұзындыққа секіруден өз мүмкіндігін дәлелдеуге ниетті.


АЛИХАН ДОСЫМБАЕВ, ҚАТЫСУШЫ
Мен Ақтау қаласынан келдім. Осы жарысқа ұту үшін келдім. Жеңіл атлетикаға келгеніме бір жылдай болды. Жеңл атлетикадағы менің негізгі бағытым-ұзындыққа секіру. Ұзындыққа секіруден менің жеке рекордым-5,23.


Чемпионат қорытындысында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады. Ең бастысы - жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.