Театр сахнасында бәрі әдемі көрінеді. Ал шымылдықтың ар жағында не болып жатыр? Атаққа талас, марапатқа ұмтылыс, шығармашылық тартыс. Қалалық әзіл-сықақ және сатира театры кезекті маусымын дәл осы тақырыпты арқау еткен жаңа қойылыммен қорытындылады. Көрермен назарына Рахымжан Отарбаевтың «Актриса, Режиссер, Орден, Сыншы» атты сатиралық комедиясы ұсынылды.
Премьера кешіне жиналған жұрт бұл жолы жеңіл әзілден гөрі астары терең, ой салатын туындыны тамашалады. Қойылым театр әлемінің ішкі тіршілігін, шығармашылық ортадағы қайшылықтарды және өнер адамының тағдырын өткір сатира арқылы бейнелейді.
ЕРПАТША БЕРІК, ҚАЛАЛЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ЖӘНЕ САТИРА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Бұл қойылымды арнайы елімізде өтіп жатқан Рахымжан Отарбаевтың фестивалі үшін дайындалған.Спектакль арқылы көрерменге театр өнері жайлы, жалпы адами құндылықтар туралы жеткіземіз.Қызықты оқиға желісімен өрілген туындының өзіндік мәні бар.
Оқиға желісі бір қарағанда қарапайым көрінетін жағдайдан басталады. Бір орденнің төңірегінде туындаған мәселе ұжым ішіндегі үлкен тартысқа ұласады. Әр кейіпкердің көзқарасы әртүрлі. Бірі өнерді қорғаса, енді бірі атаққа ұмтылады. Ал сыншы сырттай бақылап, шынайы өнердің бағасын беруге тырысады.
БИДӘУЛЕТ БАТЫРБЕК, АКТЕР
Бұл спектакль әзілді астыртын жеткізетін қойылым. Қазір ғаламтор дәуірі болғандықтан, театр атауы жойылып бара жатыр. Сол қасиетті ұғымды қалыпқа келтіру мақсатында біз осы қойылымды қойдық.
Қойылым әзіл мен әжуаны шебер ұштастырады. Актерлердің айтуынша, спектакльдің басты мақсаты – бүгінгі қоғамда театрдың қадір-қасиетін насихаттап, көрерменді өнерге жақындату.
ЛЕЙЛА КЕНЖЕХАН, АКТРИСА
Театрдың ішкі кухнясында орын алатын тартысқа толы жайттарды, шығармашылық ұжымның әрекетін бүгінгі қойылымда жеткіземіз .Көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын.
Қойылым барысында көрермен театр сахнасының тасасында қалатын талай шындықпен бетпе-бет келеді. Әзіл мен астарлы ойға құрылған спектакль залдағы жұртты күлдіріп қана қоймай, өнердің қоғамдағы орны мен рухани құндылықтар туралы терең ойға жетелейді. Осылайша сатира театры кезекті шығармашылық маусымын сәтті қорытындылап, көрерменге күлкімен бірге тағылым сыйлады.