Ордабасы ауданында баспанаға қол жеткізгендердің қатары артып келеді. Соңғы екі жылда аудан орталығында 288 пәтер пайдалануға беріліп, жүздеген отбасының қуанышы еселенді. Ал Темірлан ауылында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы әлі де жалғасуда. Аудандағы ауқымды жобалармен тілшіміз танысып қайтты.


Темірлан ауылында көпқабатты тұрғын үйлер бірінен соң бірі бой көтеруде. Былтыр 136 пәтердің кілті табысталса, биыл тағы 152 отбасы жаңа қонысқа ие болған. Тұрғын үй құрылысының қарқыны аудан орталығының келбетін өзгертіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ықпал етуде.

ТАЛҒАТ ОМАРҚҰЛОВ, АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі таңда 152 пәтер «Отбасы» банк арқылы тұрғындарға таратылып жатыр. 2 пайыз бен 5 пайыз арасында. Бастапқы жарна 10 пайыз. Одан бөлек бір шаршы метрі 248 мың теңгеден.

Темірландағы «Самал» мөлтек ауданы бүгінде ауданның жаңа келбетіне айналған. Мұнда заманауи тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік және әкімшілік нысандар да салынып жатыр. Құрылыс алаңдарындағы қарқын өңірдің даму деңгейін айқын көрсетеді.

ҒАЛЫМЖАН ЗИЯБЕК, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Жылдан жылға біздің ауданымыз Темірлан Төрткүл Шұбарсу Бадам Қараспан жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Бұрын бір черемушкиіміз болса міне қанша үйлеп жаңадан салынып жатыр.

Баспаналар негізінен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылуда. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған жандардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы жылдары аудан аумағында тағы да жаңа тұрғын үйлер салу жоспарланған.