Ақмола облысының Щучинск қаласында ұйымдастырылған – «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін айтулы дода биыл да ауқымдылығымен ерекшеленіп, шет мемлекеттерден келген жалпы 53 команданың басын қосты. Үздіктер арасынан оқ бойы озып шығып, талантымен танылған шымкенттік өрендер бұл жолы да жеңімпаз атанып, күміс жүлде иеленді.
Жалынды жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі. Осындай жауапты сында Шымкент қаласының намысын қорғаған «Сұңқар» командасы темірдей тәртіп және табандылық танытып, халықаралық деңгейдегі бәсекеде жалпыкомандалық есеп бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді. Жас сарбаздар ел мерейін асқақтатып, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Жеңіспен оралған өрендерді жақындары ыстық ықыласпен күтіп алды.
ИБРАХИМ СОВЕТ, ҚАТЫСУШЫ
Бұл – менің жарысқа екінші рет қатысуым.Бұл жылы эстафета, кросс, арқан тарту сынды жарыс түрлерінен сынға түстім.Өткен жылы жарыс жеңімпазы болғанда Президенттің қолын алу мүмкін болмады.Биыл бұл бақыт бұйырды.Қатты қуанып тұрмын.
Байрақты бәсеке бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар әскери тактикалық тапсырмаларды орындау, саптық дайындық, қару-жарақты меңгеру, арнайы кедергілер жолағынан өту мен интеллектуалдық кезеңдер бойынша сынға түсті.
СЕРІКБАЙ ОНБАЕВ, ҚР «ҚАРУЛЫ КҮШТЕР АРДАГЕРЛЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл халықаралық жиынға 24 елден келген 53 команда қатысты.Жарыста біздің қаладан аттанған спортшылар жүлделі екінші орынды алды.Ал әскери колледждің ұландары бірінші орынды иеленді.
Айта кетейік, өткен жылы дәл осы халықаралық жарыста Шымкент қаласының құрамасы жүлделі үшінші орынды иеленген болатын. Ал биыл жас сарбаздар тәжірибесін ұштап, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – жүйелі дайындық пен табанды еңбектің жемісі.