Елімізде балалар арасындағы суицид мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Арнайы бағдарламалар қабылданып, психологиялық қолдау күшейтілгенімен, статистика әлі де алаңдатады. Былтыр балалар суициді 13,7 пайызға өсіп, 199 жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Тағы 405 бала суицид жасауға әрекеттенген.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Биыл да жағдай күрделі. Алғашқы алты айдың өзінде 52 жасөспірім өзіне қол салып, көз жұмған. Мамандардың айтуынша, психологиялық қысым, отбасындағы жанжал, шектен тыс бақылау және баланың жан дүниесіне көңіл бөлмеу қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Ал құқық қорғау органдары өткен жылы тіркелген оқиғалардың нақты себептері көп жағдайда анықталмағанын айтады. Соған қарамастан, бүгінде буллинг негізгі қауіп факторларының бірі ретінде аталады. Әлімжеттікке ұшыраған бала тұйықталып, жанайқайын жеткізе алмай, ауыр шешім қабылдауы мүмкін. Сондықтан психологтар ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесіп, олардың көңіл күйі мен мектептегі жағдайына тұрақты түрде назар аударуға шақырады.