Шымкенттік 5-сынып оқушысы бір айдың ішінде 60 кітап оқып шыққан. Кітаппен дос болғалы сабақ үлгерімі артып, есте сақтау қабілеті де жақсарған. Мұғалімдерінің айтуынша, зерек шәкірт бүгінде сыныптастарына үлгі болып жүр. Оның кітап оқуға деген қызығушылығы өзге оқушылардың да кітапқа бет бұруына себеп болған.

5-сынып оқушысы Әмина Сембек бір айдың ішінде 60 кітап оқып шыққан. Парақтаған шығармаларының басым бөлігі – әдеби классика мен шытырман оқиғаларға негізделген фантастикалық туындылар. Кейіпкеріміздің шығармаларды қаншалықты түсініп, мазмұнын меңгергенін сынап көрейік. Ол үшін мен Әминаға оқыған шығармаларынан үзінді келтіремін.
– Әкесі мен баласы көшеде келе жатып ескі тағаны тауып алады. Оны базарға барып сатады. Бұл қай шығармадан үзінді?
– «Әке мен бала».
– Авторы кім?
– Ыбырай Алтынсарин.
– Бату атты кейіпкер достарымен бірге шытырман оқиға іздеп өзге әлемге аттанады. Бұл қай шығарма?
– «Бату мен достарының алтын тостағанды іздеуі».
КСМ: Әмина сабақтан тыс уақытын кітап оқуға арнайды. Алдын ала жоспар құрып, оқитын шығармаларының тізімін жасайды. Айына 50–60 кітап оқитын ол осыған дейін 300-ден астам туындыны парақтаған. Қағылез оқушының айтуынша, фильм көргеннен гөрі кітап оқыған әлдеқайда пайдалы. Себебі кино көргенде ми дайын дүниені қабылдайды, ал кітап оқығанда оқырман оқиғаны көз алдына өзі елестетіп, режиссер мен оператордың міндетін қатар атқарады.


ӘМИНА СЕМБЕК, ОҚУШЫ
Тіл байлығымды дамытып, сөйлеу мәнерімді жетілдіру үшін кітап оқи бастадым. Бір айда 60 кітап оқыдым. Оның қатарында Абайдың, Ы. Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары бар. Одан бөлек комикстер мен жаратылыстану бағытындағы кітаптарды да оқыдым.
“Бату мен достарының алтын тостағанды іздеуі” шығармасын ерекше қызығып оқыдым.\Қалың кітап болса да оқығым келді. Екі күнде оқып бітірдім. Мен күніне жоспар бойынша 60 бет кітап оқимын. Әр 20 бет сайын көзімді демалдырып тұрамын.


Әминаны кітап оқуға мектептегі мұғалімі баулыған. Гауһар Аманқожақызы сыныптағы барлық оқушыны кітап оқуға ынталандырып, мектеп бағдарламасынан бөлек әдеби шығармаларды да ұсынады. Дөңгелек үстел барысында оқушылар оқыған шығармаларын таныстырып, олардың мазмұны мен идеясын талдайды.


ГАУҺАР АМАНҚОЖАҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ
Шәкірттерімнің ішінде осы қызым бір айдың ішінде 60 кітап оқыды. Соған қарап сыныптағы басқа оқушылар да жарысып, 40–50 кітап оқып жүр.Үйге алған кітаптарын ата-аналарымен бірге оқиды. Түсінбеген тұстарын сұрап, кейін маған келіп не түсінгендерін айтып береді.


Әмина жыл соңына дейін тағы 100 кітап оқуды жоспарлап отыр. Әзірге балалар әдебиетін оқып жүрген ол алдағы уақытта Мұхтар Әуезов пен Міржақып Дулатұлының шығармаларын оқуды мақсат еткен.