Маңдай тер ақталып, арман орындалған күн. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде диплом табыстау рәсімі басталды. Салтанатты шара 29 маусым мен 3 шілде аралығында өтуде. Биыл қара шаңырақпен 2286 түлек қоштасуда. Толығырақ тілші материалында.

Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, таңдаған мамандықтарының қыр-сырын меңгерген түлектер үшін бүгін – ерекше күн. Жаңа өмірге қадам басқан жас мамандарға жоғары білім туралы дипломдар салтанатты түрде табысталды. Қара шаңырақпен қимай қоштасқан түлектердің қуанышында шек жоқ. Бұл жолы Физика және математика факультетінің бітірушілеріне диплом берілді.

АҚБОТА ҮСЕН, ТҮЛЕК
Мен осы университетте 4 жыл информатика мамандығында оқыдым. Ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін. Олар бізге тек білім беріп қана қоймай, азамат болып қалыптасуымызға да ықпал етті.

Түлек Нұрсезім Сайрамбай да бүгінгі күнді ерекше толқыныспен қарсы алды. Оның айтуынша, студенттік жылдар тек білім алып қана қоймай, өмірлік тәжірибе жинап, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік берген. Енді алған білімін ел игілігі жолында жұмсауды мақсат етеді.

НҰРСЕЗІМ САЙРАМБАЙ, ТҮЛЕК
Өте қатты қуаныштымын.

90 жылға жуық тарихы бар оқу ордасымен биыл 2286 түлек қоштасуда. Олардың 155-і – үздік диплом иегері. Сондай-ақ 290 түлек ғылым магистрі атанды. Университет проректоры Баршагүл Исабек жас мамандарды құттықтап, алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, оқу орнының абыройын асқақтатуға шақырды.

БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Бітіріп жатқан түлектерімізге ақ жол тілейміз. Бұл қара шаңырақта білім алудың өзі – үлкен мәртебе.

Айта кетейік, бүгінде университетте 9 мыңнан астам студент білім алады. Мұнда 68 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Оның ішінде 31 бакалавриат, 22 магистратура және 15 докторантура бағдарламасы бар. Университет талай жылдан бері елге білікті педагогтер мен түрлі сала мамандарын дайындап келеді.